Атырауда 700-ге жуық дәрігер кәсіби біліктілігін арттырды

Атырауда 700-ге жуық дәрігер кәсіби біліктілігін арттырды

Атырауда 700-ге жуық дәрігер кәсіби біліктілігін арттырды

Атырау облысында медицина мамандарының кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы 700-ге жуық дәрігер отандық және шетелдік жетекші медициналық ұйымдарда білімін жетілдіріп, тәжірибе алмастырды.

Кәсіби құзыреттілігін шетелде арттырған дәрігерлердің бірі – Атырау облыстық онкология диспансеріндегі имиотерапия бөлімінің меңгерушісі Гүлдана Есқабылова. 15 жылдық тәжірибесі бар онколог Германия, Португалия, Ресей және Францияда білімін жетілдіріп, Еуропа және Ресейдегі онкологтар қоғамының мүшесі атанған.

- Биыл наурыз айында Парижде өткен «Өкпенің қатерлі ісігі» жөніндегі халықаралық конгреске қатыстым. Бұл басқосу маған жаңа емдеу хаттамалары мен заманауи тәсілдерді меңгеруге зор мүмкіндік берді. Әлемнің үздік онкологтарымен тәжірибе алмасып, соңғы ғылыми жаңалықтармен таныстым. Қазір сол жинаған білімімді өңірдегі өкпе обыры диагнозымен келетін науқастарға қолданудамын. Ем нәтижесі жақсарып, оң көрсеткіштер байқалып жатыр. Біз үшін басты мақсат – сапалы әрі тиімді медициналық көмек көрсету, - деді онколог-дәрігер Гүлдана Есқабылова.

Өңірдегі дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау да жүйелі жолға қойылған. Өткен жылы Атырау облысына жұмыс істеуге келген 143 дәрігерге бір реттік үстемақы төленді. Ауылдық жерлерге барған мамандарға 10 млн теңгеге дейін, аудан орталықтарына 8,5 млн теңге, қаладағы медициналық ұйымдарға орналасқандарға 5 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Сонымен қатар 43 дәрігер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы баспаналы болды. Бұл іс-шаралар өңірге білікті мамандарды тартуға айтарлықтай серпін беріп отыр.