Облыстағы балалардың 93% жазғы демалыспен қамтылады

Облыстағы балалардың 93% жазғы демалыспен қамтылады

Биыл Атырау облысы бойынша оқушылардың 93% (134 812 бала) жазғы демалыспен қамту жоспарлануда. Ол үшін 3 сауықтыру лагері жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар аймақ бойынша білім беру ұйымдары жанынан ашылатын 727 мектеп жанындағы лагерь (оның ішінде 167-сі тамақпен, 560-ы бейіндік бағытта) арқылы 120 мыңға жуық бала қамтылады.

- Қазіргі таңда барлық маусымдық лагерьде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу мақсатында абаттандыру және ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. СЭС қорытындыларын 20 мамырға дейін алу жоспарланып отыр. Әлеуметтік осал топтағы балалар — ерекше назарда. Жетім, ата-ана қамқорлығысыз қалған, арнайы санаттағы отбасылардан шыққан, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған және қолайсыз отбасылардан шыққан балалар жазғы демалыспен толықтай қамтылмақ. Сонымен қатар жаз мезгілінде облыстағы барлық музей арнайы санаттағы балалар үшін тегін қызмет көрсетеді,- деді Атырау облысы Білім беру басқармасының өкілі Қадыржан Сапаров.

Жаңа жобалар қатарында жұмысшы мамандықтарға арналған «TECH CAMP», жасанды интеллекті үйретуге бағытталған «IT camp Polytech», табиғатты қорғау мақсатындағы «ЭКОПАТРУЛЬ», сондай-ақ туған өлкенің туризмін насихаттайтын «ГИД 167+» секілді лагерьлер өз жұмысын жүзеге асырмақ.