Атырауда республикалық үздік жобалар таныстырылды

Атырауда республикалық үздік жобалар таныстырылды

Атырау облысы Білім беру басқармасына қарасты «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен «Ғылыми ізденіс: нәтижеге жету құпиясы» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Ауқымды іс-шараға 200-ге жуық оқытушы қатысты.

Облыстағы ғылымды дамыту, оқушыларды ерте жастан ғылыми зерттеуге баулу, тың идеяларды қолдау және жас ғалымдарды даярлау мақсатында өткен TED-X форматындағы семинар өңірдегі дарынды жастар мен тәжірибелі педагогтердің басын қосты.

Семинардың ашылуында «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» директоры Қайырғали Азилов сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.

- Семинар – жас зерттеушілер мен тәжірибелі ұстаздардың бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін маңызды кеңістік. Біздің мақсат – балаларды ғылыми ізденіске баулу, зерттеу мәдениетін қалыптастыру. TED-X форматындағы семинарда ұсынылған идеялар ертеңгі үлкен жаңалықтардың бастауы бола алады. Мұндай іс-шаралар жас дарындардың әлеуетін арттырады, – деді орталық басшысы.

Семинарда халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі ғылыми жобаларда үздік нәтижеге қол жеткізген 7 спикер шәкірт тәрбиелеудегі тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар спикерлер арасында ғылымға жаңа қадам басқан мектеп оқушысы да болды. Жас ғалым - облыстық Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 11-сынып оқушысы Айсана Ахатова. Ол бұған дейін бірнеше ғылыми жобада үздік атанып, жүлделі орындарды иеленген.

- Жобаны дайындау кезінде тақырыпты дұрыс таңдау – табыстың алғашқы қадамы. Жетекшіммен тығыз байланыста жұмыс істеу арқылы зерттеу барысын жеңілдетіп, жақсы нәтижеге жеттім. Мұғалім мен оқушы арасындағы сенімді қарым-қатынас – сәтті жұмыстың негізі, – деді Айсана Ахатова.

Семинар аясында 37 оқушы іріктеуден өткен зерттеу жобалары бойынша постерлерін қорғады. Сторителлинг әдісі арқылы тыңдарманға жобаларын таныстырған оқушылар ғылыми ойлау, өз идеясын дәлелді жеткізу дағдыларын көрсете білді.

Атырауда өткен бұл семинар ұстаздар мен оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, зерттеушілік мәдениетті дамытуға серпін береді.