Атыраудың бес жасар дирижері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатына ие болды

Атыраудың бес жасар дирижері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатына ие болды

«Еркемай» оркестрі – талант пен шабыттың жарқын үлгісі
Балалар шығармашылығының шынайы үлгісін көрсеткен «Еркемай» оркестрі жақында әлеуметтік желілердің нағыз жұлдызына айналды. Талантты бүлдіршіндерден құралған бұл оркестрдің өнері алғаш рет 16 сәуір күні өткен облыстық семинарда кеңінен таныстырылды.
Семинарда «Еркемай» оркестрі сахна төріне шығып, көрерменге керемет әсер сыйлады. Кішкентай өнерпаздардың шынайы өнері мен ерекше таланты жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, орындалған шығармалар залдағы көрерменнің жүрегіне жол тапты. Шарадан кейін түсірілген бейнеролик әлеуметтік желіде кең тарап, қалың жұртшылықтың жылы лебізін алды.
– Біз бүлдіршіндердің шығармашылығына үлкен мән береміз. Музыканы ойын барысында қолданып, балалардың қызығушылығын оятуға тырысамыз. Олар әрбір саздың сырын түсінуге талпынады. Осы жолы жобамызды «Еркесылқыммен» бастап, «Кербез сұлу» туындысы арқылы рух пен нәзіктікті тоғыстырған композиция жасадық, – деді «Өркен» балабақшасының саз жетекшісі Кенжемұрат Мәжитов.
Биыл «Еркемай» оркестрі республикалық «Дала үні» байқауында өнер көрсетіп, Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Бұл жеңіс – тек кішкентай өнерпаздардың ғана емес, сонымен қатар тәрбиешілер мен саз жетекшілерінің де ерен еңбегінің нәтижесі.
Айта кетейік, 2008 жылы құрылған оркестр құрамына бүгінде Аққыстау және Тұщықұдық ауылдық округтеріндегі «Қарлығаш», «Балдырған», «Өркен» және «Құлыншақ» бөбекжай-бақшаларының тәрбиеленушілері кіреді. Оркестрдің ең үлкен мүшесі – небәрі 5 жаста, ал қалғандары 3-4 жастағы бүлдіршіндер.
Әсіресе, «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының 3 жастан бастап өнер көрсетіп жүрген тәрбиеленушісі Ясина Нәбен көпшіліктің назарын аударды. Оның сахнадағы еркін қимылы мен музыканы сезіну қабілеті кәсіби мамандардан кем емес деңгейде бағаланды.
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның Ясина Нәбенге жолдаған арнайы алғыс хатын басқарма басшысы М.Абуов салтанатты түрде табыстады.
Сонымен қатар, оркестрдің жетекшілері мен ата-аналарына Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы М.Абуовтың атынан алғыс хаттар табыс етілді.
«Еркемай» оркестрі – шығармашылыққа, бірлікке, шабытқа толы орта. Бұл – болашақ өнер иелерінің алғашқы қадамы, шынайы ықыласпен жасалған үлкен жетістік.