Атырау қаласында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Малайзияда білім алу» халықаралық көрмесі өтті. Іс-шараға облыс бойынша 200-ге жуық жоғары сынып оқушысы қатысып, шетелдік жоғары оқу орындарымен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды.
Көрменің басты мақсаты — мектеп бітіруші түлектерге жоғары білім алуда кең таңдау ұсынып, олардың шетелде оқуға деген ынтасын арттыру. Ашық форматта өткен көрмеге Малайзияның беделді сегіз университетінің ресми өкілдері арнайы келіп, оқу орындарының білім беру жүйесі, мамандықтар, гранттық бағдарламалар және академиялық мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.
— Бұл іс-шара оқушылардың кәсіби бағдарын анықтауға және болашақ оқу орнын саналы таңдауға зор ықпал етеді. Малайзия университеттері әлемдік рейтингтерде жоғары орындарға ие және халықаралық студенттерге қолайлы жағдай жасайды. Біз осындай бастамалар арқылы оқушылардың көкжиегін кеңейтіп, бәсекеге қабілетті маман болуға бағыттаймыз, — деді Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Сондай-ақ көрменің ұйымдастырушысы, Малайзия елінен келген Раджа Фариз қазақстандық студенттердің оқуға түсуі жыл сайын артып келе жатқанын мәлім етті. Өткен жылы Малайзияға мың шақты студент оқуға түссе, биыл олардың саны 2000-ға жуықтаған.
Көрме аясында қатысушылар университет өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, оқу ақысы, қабылдау талаптары, жатақхана жағдайына байланысты маңызды ақпараттарға қол жеткізді.