Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша жиналыс

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша жиналыс

Облыс әкімдігінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Ж.О.Бисембиевтің төрағалығымен облыстың білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар мәселесі бойынша жиын өтті. 

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Н.С.Жахин жиында көтерілген мәселе аясындағы іс-шаралар жоспарының орындалысы туралы айтты.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Е.Т.Сламбеков өз сөзінде Атырау облысы білім беру басқармасы және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаментімен бірлескен білім саласында парасаттылық мәдениетті жетілдіру және жандандыру бойынша 2023 жылға арналған кешенді жоспар бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.  

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2016 жылғы 16 қазандағы №12 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен басқармада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жоспарлы жүргізіледі.

 «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері бос лауазымға конкурс арқылы қабылданады. Конкурс туралы ақпарат әлеуметтік желілерде, ENBEK.KZ сайтында ашық жарияланады.

Балаларды балабақшаға кезекке қоюдың проактивті қызметі жұмыс жасайды. Бос орындар электронды түрде indigo24.kz ақпараттық жүйесі арқылы қолжетімді.

Мектепке оқушы қабылдау мәселесі де қазіргі уақытта ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы тиімді шешіліп отыр.

1-сыныпқа құжаттар қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсетудің нәтижелерін беру екі тәсілде жүзеге асады.

Білім беру ұйымдарында «Сенім телефоны» жұмыс істейді және жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен өтініштеріне арналған пошта жәшігі орнатылған. Әлеуметтік желілерде жазылған барлық мәселелер уақытында, ҚР заңнамаларына сай шешімін тауып отырады.

Колледждерде академиялық адалдық «Platonus», «EDUS» ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асады.

Білім беру ұйымдарында рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті білім алушылар арасында қалыптастыру аясында «Адал ұрпақ» мектеп клубтары, «Саналы ұрпақ» студенттік клубтары жұмыс жасайды, «Парасатты азамат» бұрыштары бар.

Облыстың білім беру ұйымдарында жоспарларға сәйкес «Қоғамдық тәртіп негіздері» пікірталас практикумі, «Қазақстан құқықтық мемлекет» айлығы, «Адал және сатылмайтын еңбек бейнесі» оқушылар арасындағы сурет байқауы, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу» іскерлік ойыны, «Жемқорлық - құқық  бұзушылықтардың картасы» жобалар байқауы, мемлекеттік қызмет  туралы шығармалар байқауы, бейнероликтер байқауы, «Жастар - жемқорлыққа қарсы» театрландырылған көріністер, колледждерде «Ашық есік» күндері өткізіледі.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаментінің ұсынысына сәйкес барлық білім беру ұйымдарында ата-анадан ақша жинауға тыйым салу, білім саласына бюджеттен қаралатын қаражаттың бөлінісі туралы білім беру ұйымдарындағы ата-аналарға арналған бұрыштарға және көрнекі жерлерге жадынамалар ілінген.  

Аталған жиынға облыстық білім беру ұйымдарының, қалалық, аудандық білім беру бөлімдері басшылары, Атырау қаласы мектептерінің директорлары қатысты.

Жиын соңында бірнеше тапсырмалар берілді.