Атырауда жаңадан іске қосылған «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты алғашқы білім алушыларын қабылдады.
Бұл оқу орнына түсу үшін жалпы білім беретін мектептің 6, 7, 8 сыныптарын бітірген, денсаулығы бойынша жарамды ұл балалар норматив тапсырып, математика, Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, дене шынықтыру және психологиялық тұрғыдан тестілеуден өтті. Қазіргі уақытта «Сармат» мектеп-лицей-интернатына 150 оқушы қабылданып, білім алуда.
Жаратылыстану-математика бағытындағы физика, биология, химия, география пәндері - тереңдетіп және де әскери-бейіндік пәндер оқытылады. Қосымша спорт, алғашқы әскери дайындық, би, ән, домбыра үйірмелері бар.
Мектеп-лицей 3 қабатты ғимаратта орналасқан, жанында білім алушылар үшін арналған жатақхана бар. Оқу орны қазіргі заманғы талаптарға сай оқу кабинеттермен, зертханалар, аудиториялармен, кітапханамен жабдықталған. Пәндік сыныптардан бөлек, әскери дайындық үшін арнайы жаттығу алаңы бар. Бес мезгіл тамақ беріледі.
Жаңа білім беру ұйымы Атырау қаласындағы Жаңаталап кентінде орналасқан. Аталған оқу орнында білім алу үшін қала балаларымен қатар, ауыл балалары үшін де зор мүмкіндік бар.
Білім күні осы жаңа оқу орнының жаңа 2023-2024 оқу жылының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облысқа белгілі азаматтар қатысып, білім алушыларға замануи білім алу үшін жасалып жатқан бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, болашақта еліміздің нағыз азаматтары болуына тілектерін білдірді.