
2026–2027 оқу жылында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты берген тапсырмаларын орындау аясында білім беру мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізді. Бұдан былай жаңартылған білім беру мазмұны шеңберінде оқушылардың заманауи білім мен қажетті дағдыларды меңгеруіне жол ашатын міндетті курстар мен пәндер оқытылады.
Атырау облысы Білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиеваның айтуынша, жаңа оқу жылында оқу бағдарламалары цифрлық және функционалдық сауаттылықты, жасанды интеллектті пайдалану дағдыларын, құқықтық білім мен практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
«Оқу мазмұнын жаңартуда оқушылардың цифрлық және функционалдық сауаттылығын арттыруға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және құқықтық білімін жетілдіруге ерекше мән беріліп отыр. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу бағыттары да күшейтілді», – деді Айнагүл Жұмағазиева.
Жаңа оқу жылынан бастап 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері» курсы оқытылады. Курс мемлекеттік құрылым, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және конституциялық міндеттері туралы негізгі түсініктерді қалыптастыруға бағытталған.
8–9 және 10–11 сыныптарда «Заң мен Тәртіп» курсы енгізілді. Оның мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру және заң талаптарын сақтау дағдыларын дамыту.
Ал, 5–11 сынып оқушыларына «Жеке қауіпсіздік» курсы жүргізіледі. Сабақ барысында қоғамдық және цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық, қауіпті жағдайларды анықтау және қажет болған жағдайда көмекке жүгіну дағдылары қалыптастырылады.
Сонымен қатар, барлық оқу пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект элементтері, Конституция қағидаттары, «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» құндылықтары кіріктірілді.
Осы өзгерістер жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын білім беру үдерісіне енгізуге, оқушылардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ заманауи дағдыларын дамытуға бағытталған.