Атырау облысында 65 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады

Атырау облысында 65 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады

Жаңа оқу жылынан бастап Атырау облысындағы білім беру ұйымдарында 65 604 оқушыға бір реттік тегін ыстық тамақ беріліп жатыр. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тамақтану құны да артып, жаңа ас мәзірі бекітілді.

Тегін тамақпен облыстағы барлық мектептердегі бастауыш сыныптың 57 302 оқушысы және 5–11 сыныптардағы әлеуметтік осал топтарға жататын 8 302 оқушы қамтылады.
Атырау облысы Білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, биыл оқушылардың тамақтану сапасына қойылатын талаптарға ерекше назар аударылып отыр.

«Жаңа оқу жылына арналған ас мәзірі 1 қыркүйектен бастап бекітілді. Балалардың жас ерекшелігі мен физиологиялық қажеттіліктері ескеріліп, бір балаға шаққандағы тамақтану құны да ұлғайтылды. Негізгі мақсатымыз – оқушыларды сапалы, құнарлы әрі қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету.
Биыл балалардың тамақтануына бөлінетін қаражат көлемі жас ерекшеліктеріне қарай артты. Мәселен, 7–10 жас аралығындағы балалар үшін бір реттік тамақтану құны 720 теңгеден 799,39 теңгеге дейін, ал 11–15 жас аралығындағы балалар үшін тамақтану құны 811 теңгеден 920 теңгеге, 16–18 жастағы оқушылар үшін 863 теңгеден 983,85 теңгеге дейін көбейді.», – деді Қадыржан Сапаров.
Тамақтану құнының көтерілуі ас мәзірін жақсартуға, тағамдардың түр-түрін арттыруға және балалардың күнделікті тамақтану рационының құнарлылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда облыстағы 197 мемлекеттік білім беру ұйымында білім алушыларды бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі конкурстық негізде ұйымдастырылған. Бұл бағытта 32 жеке кәсіпкер қызмет көрсетіп отыр.

Сонымен қатар, 27 білім беру ұйымында тегін ыстық тамақтандыру азық-түлік өнімдерін сатып алу арқылы ұйымдастырылған. Бұл білім беру ұйымдарына асханаларда тағам дайындау процесін өздері ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын тиімді пайдалану және тамақтандыру қызметін жетілдіру мақсатында облыстағы 65 мектеп асханасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі де іске асырылуда.

Білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру жүйесін ұйымдастырудың барлық тетіктері оқушылардың қауіпсіздігін, сапалы тамақтануын және санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.