Атырау облыстық «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласында өткен «Жеңіс ұрпақтары» халықаралық әскери-спорттық жастар ойындарында Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, бірнеше жүлделі орынға ие болды.
Бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы бес мемлекеттің жас сарбаздары қатысқан халықаралық додада атыраулық оқушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бірқатар сайыс түрлерінде үздіктер қатарынан көрінді.
Атап айтқанда, команда «Үздік капитандар» байқауында І орынды, «Калибр» сайысында ІІ орынды, тактикалық медицина бойынша ІІІ орынды, сондай-ақ қайықпен жарысу кезеңінде ІІІ орынды иеленді.
Бұдан бөлек, әскери-спорттық ойындар барысында қатысушылар әскери-тактикалық тапсырмаларды орындау, кедергілер жолағынан өту, шапшаң қимылдау, жедел шешім қабылдау және командалық үйлесімділік бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Аптаға созылған халықаралық жарыс аясында атыраулық жас сарбаздар шығармашылық бағдарламада да белсенділік танытып, ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын!» әнін орындап, ұлттық рух пен патриоттық тәрбиені дәріптеді.
Сапар барысында оқушылар Мәскеу қаласындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар қаладағы тарихи-мәдени орындарды аралап, экскурсиялық бағдарламаға қатысты.
Бұл – атыраулық жас сарбаздардың аталған халықаралық әскери-спорттық ойындарға екінші рет қатысуы. Байқау барысында олар әскери дайындық, көшбасшылық және халықаралық тәжірибе алмасу бағытында білімдері мен машықтарын жетілдіріп, мол тәжірибе жинақтады.
Халықаралық дода қорытындысында команда мүшелері байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған ұйымдастырушыларға және сапардың жүзеге асуына қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Атырау облыстық «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының шәкірттері бұл жеңістері арқылы өңірдің ғана емес, тұтас Қазақстанның абыройын халықаралық деңгейде тағы бір мәрте асқақтатты.