Атырау қаласындағы «Nurly tal» этнопаркінде Әкелер күніне орай ұйымдастырылған «ӘКЕ МЕКТЕБІ: ДӘСТҮР МЕН ЕҢБЕК» атты екі күндік еңбек лагері өтті. Атырау облысы Білім беру басқармасының ұйымдастыруымен өткен тағылымды шараға облыстың жеті ауданы мен Атырау қаласынан келген 25 әке мен 25 ұл қатысты. Лагерьдің басты мақсаты – әке мен бала арасындағы байланысты нығайту, еңбекке баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың бойында өмірлік маңызды дағдыларды қалыптастыру болды.
Лагерьдің ашылу салтанатына Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина мен Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары қатысып, сәттілік тіледі. Олар отбасы институтын нығайтуда әке тәрбиесінің маңызы ерекше екенін атап өтіп, лагерьдің өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне және еңбекке деген құрметін арттыруға ықпал ететінін айтты.
Лагерь бағдарламасы аясында қатысушылар киіз үй тікті, аула тазалады, шөп салып, ағаш аралады, қарапайым ағаш бұйымдарын жасап көрді. Сонымен қатар «Дала аспаздары» жобасы аясында әкелер мен ұлдар бірлесіп ұлттық тағам әзірлеп, ортақ дастарқан жайды. Қатысушылар қой сою және мүшелеу, ат әбзелдерімен танысу, ат ерттеу өнері бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығының қыр-сырымен танысты. Сондай-ақ садақ ату, асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындарда бақ сынап, өзара ұйымшылдық пен достықты нығайтты.
Кешкі уақытта өткен «Алау жанындағы ғибратты әңгіме» барысында әкелер мен ұлдар бір-біріне алдын ала жазған хаттарын табыстап, жүрекжарды ойлары мен тілектерін бөлісті. Ал «Өнер генетикасы» шығармашылық кешінде қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Лагерьдің екінші күнінде «Әкелерден өнеге» тәжірибе сағаты ұйымдастырылып, тәжірибелі әкелер өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Кейін қатысушылар садақ ату, асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындарға қатысып, өзара бақ сынады.
Екі күнге созылған лагерь барысында әкелер мен ұлдар бірге еңбек етіп, тәжірибе алмасты, ұлттық салт-дәстүрді тәжірибе жүзінде меңгерді және өзара қарым-қатынастарын нығайтты. Тағылымды шара ұл балалардың бойында еңбекқорлықты, жауапкершілікті және ұлттық болмысқа деген құрметті қалыптастыруға, сондай-ақ әке тәрбиесінің қоғамдағы рөлін арттыруға ықпал етті. Лагерь барысында қатысушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп, медициналық қызметкердің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылды. Екі күндік еңбек лагері қорытындыланып, қатысушылар марапатталды, естелік сыйлықтар табысталды.