Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әрбір оқушыға ұмытылмас жазғы әсер сыйлау мақсатында Атырау облысында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Жазғы сауықтыру маусымы аясында мыңдаған бала лагерьлерде демалып, танымдық, спорттық және шығармашылық бағдарламаларға қатысып, бос уақытын тиімді өткізіп жатыр. Білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, оқушылардың жазғы демалысын қауіпсіз, сапалы әрі мазмұнды ұйымдастыру мақсатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен облыстық штаб құрылып, жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен кешенді жұмыстар қолға алынған.
Биыл облыстағы 1–10 сыныптарда білім алатын 147 мың оқушының 139 746-сы немесе 95 пайызы жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған. Өткен оқу жылымен салыстырғанда қамту көрсеткіші 2 пайызға артқан.
Жазғы маусымда облыстың теңгеріміндегі үш сауықтыру ұйымында 3 018 оқушы демалуда. Балалар Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан Геологі» емдеу пансионатына маусым айында барып тынықса, қазіргі кезде Индер ауданындағы «Жас Өркен» сауықтыру лагерінде – 1 008, ал Махамбет ауданындағы «Арай» сауықтыру лагерінде 480 оқушы демалуда.
Сонымен қатар, жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен 1 367 оқушы республиканың өзге өңірлеріндегі сауықтыру ұйымдарына жіберілді. Өңірдегі өндірістік кәсіпорындар мен мекемелердің қолдауымен 3 мыңнан астам оқушының жазғы демалысы ұйымдастырылған.
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және сауықтыру шараларымен барынша қамту бағытындағы жұмыстар облыс көлемінде жалғаса бермек.