Атырау облысы Білім беру басқармасының №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты 2025–2026 оқу жылын жоғары академиялық көрсеткіштермен және республикалық, халықаралық олимпиадалардағы жарқын жетістіктерімен аяқтап отыр.
Биыл лицейде жалпы 296 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның 71-і — 11-сынып түлектері. Түлектердің 18-і «Үздік аттестатқа», ал 11-і «Алтын белгіге» үміткер. Бүгін соңғы қоңырау салтанатына Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Жанұзақов қатысып, түлектерді құттықтады. Ол өз сөзінде оқушылардың жетістіктері — ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтіп, жас түлектерге сәттілік тіледі. Оқу жылы барысында лицей оқушылары білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетті. Биыл 120-ға жуық оқушы IELTS халықаралық емтиханын тапсырып, өз білім деңгейін халықаралық стандартта дәлелдеді. Оның ішінде 80-нен астам шәкірт 7.0 және одан жоғары нәтиже иеленді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 9–11 сынып оқушылары 68 жүлде жеңіп алды. Оның ішінде: 25 алтын, 28 күміс,15 қола медаль.Республикалық кезең қорытындысында: 9 алтын, 5 күміс, 8 қола медаль иеленіп, жалпы 22 жүлдеге қол жеткізді.
Ал, 7–8 сынып оқушылары облыстық кезеңде 29 жүлде, республикалық кезеңде 8 жүлде еншіледі.
Сонымен қатар лицей халықаралық және республикалық деңгейдегі беделді олимпиадаларда да табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, оқушылар Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасы (EJOI), Жәутіков халықаралық олимпиадасы, Еуразиялық халықаралық командалық олимпиада, Avicenna олимпиадасы, KhIMIO2025 және басқа да білім додаларында алтын, күміс, қола медальдар жеңіп алды.
Лицей биыл «Қазақстанның 100 үздік мектебі» рейтингінде абсолютті 2-орын, алтын медаль саны бойынша абсолютті 1-орын иеленді.
Түлектердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіштері де көңіл қуантады. Биыл 31 оқушы Қытай, Гонконг және Еуропаның беделді университеттерінен шақырту алды. Сонымен қатар 15 оқушы еліміздің жетекші жоғары оқу орны — Назарбаев Университетінің грант иегері атанды.
Түлектер Қытай, Гонконг, Еуропа елдері мен Қазақстанның үздік университеттерін таңдауда. Атап айтқанда, City University of Hong Kong университетінен 23 оқушы шақырту алса, CUHK Shenzhen, NYU Shanghai, Coventry University, Cardiff University, Heriot-Watt University секілді жоғары оқу орындарына да қабылдау ұсыныстары түсті.