Атырау облысы Білім беру басқармасының “Сармат” мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасы өтті. Биыл білім ордасы өз тарихындағы алғашқы түлектерін үлкен өмірге қанат қақтырды.
2025–2026 оқу жылында лицейді 11-сынып бойынша 40 оқушы тәмамдады. Оның ішінде 7 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Сонымен қатар 9-сыныпты 53 оқушы аяқтап, 2 оқушы үздік аттестатқа үміткер атанып отыр.
Қысқа уақыт ішінде «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты білім мен тәрбие бағытындағы жоғары нәтижелерімен ерекшеленіп, облыс қана емес, республика деңгейінде танылып үлгерді. Лицей оқушылары оқу жылында білім, спорт және әскери-патриоттық бағыттар бойынша бірқатар ірі жетістіктерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, оқушылар Алматы қаласында өткен «Айбын-2024» және Ақтөбе қаласында өткен «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиындарының жеңімпаздары атанды. Сонымен қатар Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында өткен «Жеңіс мұрагерлері» әскери-патриоттық ойынының жеңімпазы болды.
Сондай-ақ, Астана қаласында өткен республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінің жүлдегері, кикбоксингтен Қазақстан Республикасының чемпионатының жүлдегері атанып, 2026 жылғы республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде жеңіске жетті. Бұдан бөлек, облыстық әскери-патриоттық және спорттық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Салтанатты іс-шара барысында түлектерге ақ жол тілініп, олардың ел болашағына қызмет ететін білімді, отансүйгіш азамат болып қалыптасатынына сенім білдірілді.
«Сармат» лицейінің алғашқы түлектері — білім ордасының ғана емес, өңірдің мақтанышы. Жас түлектердің жетістігі лицейдің сапалы білім мен әскери-патриоттық тәрбиені ұштастырған жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.