Атырау облысында 8 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты

Атырау облысында 8 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты

Атырау облысында 2025–2026 оқу жылы аяқталып, өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында соңғы қоңырау соғылды. Биыл облыстағы 235 мектепте 154 мыңға жуық оқушы білім алды. Оның ішінде 8 042 оқушы 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Биылғы түлектердің 252-сі «Алтын белгіге», 445-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Сонымен қатар 9-сыныпты 13 906 оқушы аяқтады. Қазір өңір мектептерінде 79 мыңнан астам оқушы қазақ тілінде, 4 мыңнан астамы орыс тілінде, ал 56 мыңнан астамы аралас тілде білім алуда.

Атыраулық оқушылар оқу жылы бойы республикалық және халықаралық білім бәсекелерінде жоғары нәтиже көрсетті. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысқан 50 оқушының 28-і жүлдегер атанса, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысқан 306 оқушының 144-і жеңімпаз болды.

– Өңір оқушылары биыл бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізді. Атырау облысының құрамасы 7–8 сынып оқушыларына арналған республикалық пән олимпиадасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша командалық есепте Бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ республикалық «Ільяс оқулары» байқауында І орын, ауыл олимпиадасында ІІ орын және «Жарқын болашақ» олимпиадасында командалық ІІ орын иеленді, – деді Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер өңір педагогтерінің жүйелі жұмысы мен оқушылардың білімге деген қызығушылығының нәтижесін көрсетеді.