Бүгін Атырау қаласындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №50 жалпы білім беретін орта мектепте алғаш рет соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бұл күн – білім ордасының тарихындағы маңызды сәттердің бірі әрі мектеп түлектері үшін жаңа өмірге бастар ерекше белес болды.
Салтанатты шараға Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ізгі тілегін білдірді.
– Соңғы қоңырау – әрбір түлек үшін үлкен өмірге жол ашатын маңызды кезең. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – білім сапасын арттыруға және оқушыларға заманауи әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Осындай жаңа мектептерден ел болашағына үлес қосатын білімді әрі бәсекеге қабілетті жастар шығатынына сенемін. Биыл облыс бойынша 8 мыңнан астам түлек мектеп тәмамдап отыр, – деді Марат Әлменұлы.
Аталған білім ордасында биыл 1400 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның 53-і – мектептің алғашқы түлектері. Олардың қатарында бір «Алтын белгі» және бір «Үздік аттестатқа» үміткер бар.
Жалпы, 2025-2026 оқу жылында облыстағы 235 орта білім беру ұйымында 154 мыңға жуық оқушы білім алды. Оның ішінде 79 мыңнан астамы қазақ тілінде, 4 мыңнан астамы орыс тілінде, ал 56 мыңнан астамы аралас тілде оқиды. Биыл IX сыныпты 13 906 оқушы, XI сыныпты 8 042 түлек аяқтады. Сонымен қатар 252 оқушы «Алтын белгіге», 445 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 6 заманауи білім беру ұйымы жұмыс жасап тұр. Бұл жоба білім сапасын арттырумен қатар, ауыл мен қала арасындағы білім беру теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.