«Саламатты мектеп» - дені сау ұрпақ кепілі

«Саламатты мектеп» - дені сау ұрпақ кепілі

 Елімізде мектеп оқушыларының денсаулығын нығайтуға бағытталған «Саламатты мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Жоба ҚР Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің 2024–2026 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары аясында қолға алынған. Бұл жобаның мақсаты - өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және зиянды әдеттердің алдын алу, дейді Атырау облысы Білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаров.

Атырау облысындағы 100-ден астам мектепте жүзеге асырылып жатқан жоба жоспары 26 тармақтан тұрады. Салауатты өмір салтын күнделікті әдетке айналдыру мақсатында 2025 жылдың қыркүйегінен бастап мектептерде 3 минуттық дене жаттығулары енгізілген. Бұл жаттығулар әр аптаның сейсенбі күні тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Еркін тыныс ал!» балалар флешмобы ұйымдастырылып, оған 16 810 оқушы қатысқан. Ал, балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру үшін арнайы ақпараттық плакаттар әзірленіп, барлық мектептердің дәліздері мен асханаларына орналастырылған.

2025–2026 оқу жылының қыркүйек-наурыз айлары аралығында 189 мектептің медицина қызметкерлеріне дұрыс тамақтануды ұйымдастыру бойынша онлайн оқыту тренингтері ұйымдастырылған. Сонымен қатар, 1589 денсаулық сағаты өткізілген. Бұдан бөлек, наурыз айында Атырау облысы Білім беру басқармасының ұйымдастыруымен мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларының қатысуымен аппараттық жиын өткізілді.

 - Жиынға «Саламатты мектеп» жобасы шеңберінде Атырау облыстық АИТВ орталығының мамандары арнайы шақырылды. Олар қатысушыларға «АИТВ/ЖИТС инфекциясының жұғу жолдары мен алдын алу шаралары» тақырыбында жан-жақты ақпарат берді. Жалпы, жоба аясында өңірде өткен жылдан бері салауатты өмір салтын қалыптастыру, дұрыс тамақтану, репродуктивті денсаулықты сақтау, сондай-ақ темекі шегу, алкоголизм мен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар қамтылған 300-ден астам іс-шара өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, дейді Қ.Сапаров.