
Атырау облысында білім беру саласының көрнекті өкілі, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Қадим Оңғарсынұлының 90 жылдығына арналған «Ұлағатты ұстаз – білікті басшы» атты теориялық-танымдық конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – ұлағатты ұстаздың өмір жолы мен педагогикалық қызметін насихаттап, оның білім беру саласына қосқан үлесін кеңінен таныту. Конференция барысында қатысушылар Қадим Оңғарсынұлының саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған еңбегін атап өтіп, оның білім беру жүйесін дамытудағы, сондай-ақ басшылық қызметтегі жетістіктеріне тоқталды. Әсіресе, Дүйсенғали Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназиясының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Конференция модераторы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов өз сөзінде:
— Қадим Оңғарсынұлы – ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдап, осы салаға адал қызмет еткен тұлға. Ол басқарған білім беру ұйымдары тек білім ордасы ғана емес, тәрбие мен ұлттық құндылықтардың ортасына айналды. Оның еңбегі мен өмір жолы жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі, — деп атап өтті.
Ал, Атырау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ұстаздың шәкірті Мұрат Өтешов:
— Қадим Оңғарсынұлы біз үшін тек ұстаз ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар берген тәлімгер болды. Оның тәрбиесін көрген шәкірттер бүгінде елдің әр саласында еңбек етіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің нәтижесі, — деді. Іс-шара аясында Қадим Оңғарсынұлының өнегелі өмір жолы, педагогикалық мұрасы мен тәлім-тәрбиелік көзқарастары кеңінен талқыланды. Конференция қорытындысында тұлғаның есімін ұлықтау, оның еңбегін жас ұрпаққа насихаттау бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.