Атыраулық ұстаздар «Ой-сандық» зияткерлік байқауында бақ сынады

Атыраулық ұстаздар «Ой-сандық» зияткерлік байқауында бақ сынады

«Ой-сандық» оқу және математикалық сауаттылықтан мұғалімдердің зияткерлік байқауының облыстық кезеңі Атырау облысының білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының және «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі ЖШС-нің бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай» оқушылар орталығында өтті. Оған облыстағы білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті және математика пәнінің мұғалімдері қатысты.

«Ой-сандық» байқауының мақсаты – кіріктірілген тапсырмалар арқылы педагогтердің оқу сауаттылығы мен логикалық ойлау қабілетін арттыру, күрделі тапсырмалардың шешу жолдарын үйрету арқылы қолдау көрсету және ынталандыру.
Атырау облысы Білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Нұргүл Қайырқызының айтуынша, юайқауда Атырау қаласы мен облыстың жеті ауданынан және облыстағы мамандандырылған орта білім беру ұйымдарының педагогтерінен құрылған 9 команда сынға түскен. .

«Ой-сандық» - құрылымы мен мазмұны жағынан республика бойынша баламасы жоқ бірегей жоба. Оны тіпті «мұғалімдерге арналған PISA» деуге болады. Бұл байқауда 90 педагог бақ сынады.
Командалық сайыста бас жүлдені Атырау қаласының командасы иеленді. 1-орынды Облыстық мамандандырылған мектептердің командасы, 2-орынды Махамбет ауданының командасы қанжығалады. Ал, 3-орынды Мақат және Құрманғазы аудандарының командасы бөлісті.

Байқау тапсырмалары тек қана қазақ тілінде құрастырылады. «Ой-сандық» байқауы «Zerdeli App» платформасымен компьютерде өтеді.