Атырауда «Келешек мектептері» жобасы аясында  №51 мектеп ашылды

Атырауда «Келешек мектептері» жобасы аясында  №51 мектеп ашылды

 Атырау қаласының Ақсай-2 ықшам ауданында  №51 жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді.  Бұл – Қазақстандағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім ордасы.  Бас мердігер – «Turan Ascent» ЖШС. Жобаның негізгі мақсаты – үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, білім сапасын арттыру және заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған мектептер санын артыру. 

Мектептің ашылу салтанатына жиналғандарды Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин құттықтады.  

Сонымен қатар, «Келешек мектептері» барлық балаларға сапалы және қолжетімді оқу ортасын ұсынуға бағытталған. №51 мектеп 3 қабатты, бір ауысымда 900 оқушыға арналған, 36 сынып бар. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген: STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, шығармашылық шеберханалар, спорт залдары, акт залы-кинолекторий, кітапхана, сондай-ақ инклюзивті мүмкіндіктер қарастырылған. Мектеп ауласында балалар ойын алаңдары, жасанды газонмен жабдықталған футбол алаңы, тартан жабыны бар волейбол және баскетбол алаңдары, теннис корты және бастауыш сыныптарға арналған ойын аймақтары орналасқан.

Атырау облысында 2023–2025 жылдары «Келешек мектептері» жобасы аясында 9 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда 6 мектеп қолданысқа берілді. Қалған үш мектеп Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында (600 орын) және Жылыой ауданы Құлсары қаласында (1200 орын) салынып жатыр. Олар келер жылы пайдалануға беріледі. Жаңа мектеп – бұл тек білім орны ғана емес, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті, ойы азат және жауапкершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелейтін заманауи орталық.