
Атырау қаласында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында №49 жалпы орта білім беретін мектептің ғимараты пайдалануға берілді. Бұл – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында «Жұлдыз-3» ықшам ауданында салынған бесінші білім ордасы.
Салтанатты ашылу рәсіміне Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысып, жиналған білім саласының ардагерлері мен ұстаздарын және ата-аналады жаңа оқу ғимаратымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Келешек мектептері – бұл жай ғана жаңа ғимараттар емес. Бұл – ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті, ойы азат, жауапкершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелейтін стратегиялық жоба» деген болатын. Міне, жаңа жыл қарсаңында облыстың Білім саласы тағы бір заманауи мектеппен толығып тұр. Бұл оқушы үшін де, ата-ана және ұстаз үшін де зор қуаныш деп білемін. Баршаңызды құттықтаймын!» деді Қ.Нұртаев.
Шара барысында мектептің символикалық кілтін мердігер мекеме өкілі мектеп директор Гүлмира Қалиеваға табыстады. Ашылу салтанатына келген қонақтар мектеп ішін аралап, заманауи сыныптар мен зертхана, асхана жұмысымен танысты. Білім ордасы 900 орындық, 3 қабатты және 25 сыныпқа арналған. Мектеп заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген: цифрлық технологиялар, робототехника, STEM-зертханалар, IT-сыныптар, шығармашылық шеберханалар және қауіпсіз әрі жайлы оқу ортасы бар. Оқу процесінде оқушының жеке қабілеттерін дамытуға басымдық беріледі. Мұнда сыни ойлау, зерттеу жүргізу, командамен жұмыс істеу және жауапкершілік дағдылары қалыптастырылады. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру қағидаттары сақталып, ерекше қажеттілігі бар балаларға да толық жағдай жасалған.
«Жаңа мектеп – бұл тек білім орны емес, болашақ көшбасшылар мен білікті мамандарды тәрбиелейтін зияткерлік орталық. Жаңа білім ордасы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, Жаңа Қазақстанның білімді, іскер, бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұрпағын қалыптастыратын ордаға айналады», деді Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов.
Атырау облысында 2023-2025 жылдар аралығында 9 «Келешек мектебі» салыну жоспарланған, оның алтауы – Атырау қаласында. Бұған дейін 4 мектеп пайдалануға берілді.