
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау облыстық прокуратурасы мен облыстық Білім беру басқармасы бірлесіп ұйымдастырған байқауға аудандық және қалалық кезеңдерден өтіп, облыстық кезеңге жолдама алған 39 оқушы қатысты. Олар екі бөлім бойынша өз білімдерін сынға салды.
«Конституцияны жатқа білемін» – Конституция баптары бойынша сауалнамаға жауап беру және «Конституция күнделікті өмірде» – заңды нақты өмірлік жағдайларға байланысты дәлелдемелер келтіріп, шешімін Конституцияға сілтей отырып түсіндіру.
9-11 сынып оқушылары қатысқан байқаудың мақсаты - Қазақстан Республикасының Конституциясына құрметті арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Конституциялық нормаларды білуге ынталандыру және азаматтық жауапкершілікті көтеру.
Байқау қорытындысы бойынша, 9 сынып оқушылары арасынан Шайзада Амина 3 орын, Камал Камшат 2 орын иеленді. 1 орынды Нұрлан Ерасыл қанжығалады. 10 сынып оқушылары арасында Әділ Гүлдана 3 орынға, Орынғалиқызы Жанар 2 орынға жайғасты. Жасұланқызы Арайлым 1 орынға лайық деп танылды. 11 сынып оқушылары арасынан Ерсайын Салтанат, Қуат Айзере 3 орынды, Хайнолла Дильназ 2 орынды місе тұтты. Амангелді Айханым 1 орынды қанжығалады.
Сайыстың қорытындысы бойынша байқауға оқушы дайындаған пән педагогтері сертификаттармен, ал сайыс жеңімпаздары «І, ІІ, ІІІ дәрежелі» дипломдармен марапатталды.