
Атырау облыстық Білім беру басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында өткен «Ұрпағыңмен мың жаса» форумына 300-ге жуық ата-ана, педагог және сарапшылар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты тамыз конференциясында: «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады» деген еді. Бүгінгі форумның да басты мақсаты - осы «отбасы – мектеп – мемлекет» үштігінің өзара үйлесімді әрекетін ілгерілету. Отбасылық қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптерді дамыту, отбасылық құндылықтарды нығайту.
Форумға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы басқармасының басшысы Сәуле Апетова,
«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық «Аналар кеңесі» төрағасының орынбасары Баян Ахатай, Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов, «Ата-ана білмейтін қателіктер» кітабының авторы, кәсіби балалар және отбасы психологы Тоқжанова Мөлдір Төлепбергенқызы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Атырау қалалық №7 емханасының басшысы, көпбалалы ана - Гүлнафис Таңбаева қатысты.
- Қазір жүзеге асырылып жатқан жобалар арқылы ата-аналар білім беру үдерісіне араласып, бала тәрбиесінің қалай жүргізіліп жатқанын өз көздерімен көріп, нақты үлес қоса алады. Бұл өз кезегінде ата-ана мен педагог арасындағы сенімді серіктестікті қалыптастырады. Осындай бірлескен жұмыс балалардың саналы, жауапты азамат болып өсуіне берік негіз қалайды. Сондықтан ата-ана, мектеп және қоғамның үйлесімді әрекеті әрқашан оң нәтиже береді,-деді Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Форум аясында отбасы құндылықтарын насихаттауға белсенді атсалысқан 8 ата-анаға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың атынан Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар ата-аналармен тиімді жұмыс жүргізіп, серіктестікті нығайтуда үздік нәтиже көрсеткен 8 білім беру ұйымы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуовтың атынан марапатталды.
Форумда облыс орталығы мен 7 ауданнан ашылған «Жауапты ата-ана» комьюнити орталықтарының лентасы бейенебайланыс арқылы қиылды.
Сонымен қатар, Жұмысшы мамандықтар», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Саламатты Қазақстан» және «Таза Қазақстан» бағыттары бойынша өткізілген әке мен балаға арналған әлеуметтік бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды