«Профилактика – даму мен жетістік»; Атырауда педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтерге арналған облыстық форум өтті

«Профилактика – даму мен жетістік»; Атырауда педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтерге арналған облыстық форум өтті

 «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау облыстық әкімдігі, облыстық прокуратура облыстық білім беру басқармасы Психологиялық қолдау орталығы бірлесіп ұйымдастырған форумның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет тиімділігін арттыру және бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер бойынша кәсіби ортада ортақ пікір қалыптастыру.

Форумға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, облыстық прокурордың көмекшісі Оралбек Хамитов және облыстың Құрметті азаматы Қилымғалиы Қайненов қатысып, жасөспірімдер қауіпсіздігі мен тәрбиесінің өзектілігіне тоқталды.

Спикерлер ұрпақ тәрбиесіндегі психологтардың рөлін күшейту, құқықбұзушылықтың алдын алу, мектептердегі психологиялық қызметті жетілдіру мәселелерін талқылады. Форумға 300-ге жуық педагог-психолог қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Қатысушылар мұндай кездесулердің балалардың қауіпсіз дамуына бағытталған жүйелі жұмысқа тың серпін беретінін атап өтті. Форум барысында облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов психологтардың еңбегіне тоқталып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен суицид статистикасын баяндап,  жасөспірімдерге қатысты көрсеткіштердің алаңдаушылық тудыратынын атап өтті:

«Биыл кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық өсіп отыр. Егер 2024 жылы 63 факт тіркелсе, 2025 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 112-ге жетті.

Суицид бойынша жағдай да көңіл көншітпейді: 2024 жылы 39 әрекет пен 8 аяқталған факт тіркелген болса, 2025 жылы 18 әрекет пен 6 аяқталған жағдай анықталды.

Ерте жүктілік бойынша белгілі бір төмендеу байқалады — 2024 жылы 127 жағдай болса, 2025 жылы 88 жағдай тіркелген. Бірақ бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр.

Әрбір көрсеткіштің артында — бір баланың тағдыры тұр. Сондықтан біз үшін, әсіресе педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер үшін, олардың қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету — ең жоғары міндет», — деді Д.Шамұратов.

 Облыста бүгінде 468 педагог-психолог пен 194 әлеуметтік педагог қызмет етеді. Кадр тұрақсыздығы мен жүктеменің көптігіне байланысты биыл аймақтағы барлық мектептерге HR+ бағдарламасын енгізу басталды. Бұл жүйе психологтардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың жеке психологиялық картасын автоматты түрде талдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап педагог-психологтардың жалақысын арттыру мәселесі қаралып жатқаны айтылды. 2025–2027 жылдары реновациядан өтетін 97 мектепте психолог кабинеттері талапқа сай қайта жасақталмақ.

Күннің екінші жартысында секциялық жұмыстар өтті. Қатысушылар HR+ автоматтандырылған психологиялық-педагогикалық мониторинг жүйесімен танысып, арт-терапия әдістері, психологиялық кеңес беру тәсілдері, аддиктивті мінез-құлық диагностикасы мен терапиясы, жасөспірімдердің эмоционалдық интеллектісін дамыту тақырыптарында терең ақпарат алды.

Форум екінші күні жасөспірімдердің өзін-өзі бағалауы мен агрессия профилактикасына арналған практикалық сессиялармен аяқталады. Спикерлер мен форум қатысушыларына "Алғыс хат" пен сертификат табыс етілді.