
Атыраулық талантты студенттер Астанада өтетін «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында бақ снайды. Биылғы чемпионат Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 10-шы рет ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, қатысушылардың кәсіби құзыреттері айтарлықтай артқан. Өткен жылы бәсекелер 30 құзырет бойынша өткізілсе, биыл 45-ке жеткен.
Бұл жаңа кәсіби бағыттардың енгізілгенін және жастардың заманауи еңбек нарығына бейімделу мүмкіндіктерінің кеңейгенін айқын дәлелдейді. Атырау облысынан 10 колледждің 36 студенті қатысып, өз кәсіби шеберліктерін танытады. Солардың қатарында әлемдік деңгейдегі APEC PetroTechnic жоғарғы колледжінің студенттері де бар. Олар чемпионат алаңында өз өнерін көрсетуге ниет білдіріп, 3D модельдеу – компьютерлік ойындарды жасау және көркем жобалау шеберлігі, веб-технологиялар – заманауи веб-сайттар мен онлайн платформаларды әзірлеу дағдылары, өнеркәсіптік автоматика – өндірістік процестерді автоматтандыру және басқару, мобильді қосымшаларды әзірлеу – смартфон мен планшетке арналған инновациялық қолданбаларды жасау құзыреттері бойынша бақ сынайды.
Бұл чемпионат жас мамандарға өз кәсіби деңгейін шыңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, Атырау облысының білім беру жүйесінің сапасын танытуға да жол ашады. Сонымен қатар, жастар халықаралық деңгейде өз дағдыларын көрсету арқылы тәжірибе жинап, жаңа кәсіби құзыреттерді меңгеру мүмкіндігіне ие болады. «WorldSkills Kazakhstan» алаңы – бұл тек бәсеке емес, бұл – жастарға өз қабілеттерін көрсетуге, еңбек нарығының талаптарына бейімделуге, кәсіби болашағын сенімді қадамдармен бастауға мүмкіндік беретін алаң. Әрбір қатысушы өз шеберлігін шыңдай отырып, өңірдің атын әлемдік аренада танытады және Қазақстанның кәсіби мамандар дайындау саласындағы беделін арттырады. Осылайша, Атырау студенттерінің жарысқа аттануы – өңірдің білім мен шеберлікке берілген қолтаңбасы және жас ұрпақты кәсіби кемелдікке жетелейтін маңызды қадам болып отыр.