
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалында Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттеріне арналған ашық есік күні өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастарды жол құрылысы және жол сапасын бақылау саласындағы заманауи технологиялармен таныстыру, сондай-ақ олардың кәсіби бағдарын қалыптастыру. Ашық есік күніне келген 30-ға жуық студентке филиалдың зертханалық-техникалық базасы таныстырылып, автожолдардың сапасын сараптау бойынша заманауи құрал-жабдықтардың жұмысы көрсетілді.
Сондай-ақ, зертханашылар болашақ жолшыларға жол-құрылыс материалдарынан сынама алу, оларды талдау және сапаға баға беру үдерісі жөнінде түсіндірді. «Ашық есік күні – болашақ мамандарды дайындауда маңызды қадам. Біз жастардың ғылымға, сапаға және заманауи инфрақұрылымға деген қызығушылығын арттыруды көздейміз», – деді зертхана меңгерушісі Д.Кенжешев.
Колледж студенттері бұл шарадан үлкен әсер алып, жол саласында жұмыс істеуге деген ынталарын білдірді. Осындай кездесулер білім беру мекемелері мен өндірістік ұйымдар арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға және болашақ кадрларды даярлауға септігін тигізеді.