
APEC PetroTechnic Жоғары колледжінің базасында мектеп, колледж және жоғары білім беру ұйымдары өкілдері, кәсіпкерлер, халықаралық сарапшылар мен білім беру саласының жетекшілері қатысқан кең ауқымды конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты — оқушылардың мансаптық бағдарын нығайту, мектеп–колледж–университет–кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықты дамыту және жастарды еңбек нарығының жаңа талаптарына дайындау.
Конференцияны «The Ulytau Educational Foundation» Қайырымдылық қоры директоры, PhD Марина Хан, «Өрлеу» БАҰО АҚ Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры , п.ғ.к.,Маржан Галымжанова ашты. Бас сессия барысында бірқатар маңызды баяндамалар ұсынылды, оның ішінде: «Ulytau қоры: идеядан өңірлердегі білімнің жаңа дәуіріне», «Кәсіби бағдарға карьералық кеңес беруді енгізу: жаңа тәсілдер» , «Жасөспірімдер үшін тағылымдамалар мен практикалық тәжірибенің маңызы», «Мектеп–Колледж–Университет–Кәсіпорын синергиясы» және «Техникалық және кәсіби білім жүйесіндегі трансформациялық үрдістер», «Әр кезеңдегі кәсіби бағдар: мектептің рөлі» тақырыптары кеңінен талқыланды.
Ауқымды шараға өңірдің 300-ден астам педагогі, мектеп басшылары, кәсіби бағдар мамандары, сонымен бірге қазақстандық және шетелдік сарапшылар, колледждер мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Қор директоры Марина Хан өңірде кәсіби бағдарлау жұмыстарының жүйелі дамуын қолдайтын ұсыныстар жасады. Canadian International School Astana директорының орынбасары Джастин Брайджистің айтуынша, жастар еңбекке ерте араласу арқылы тәуелсіз болуға ұмтылады, жауапкершілігін арттырады. Өздерін әр салада сынап көре алады. Әрине, біздің елімізде заң жүзінде 15 жастан жұмыс істеуге рұқсат етілмеген. Оның үстіне ата-аналар да балалардың ерте жастан жұмысқа араласқанын құптамайды.
Секциялық отырыстар «Оқушыларға арналған тағылымдамалар мен жұмыс тәжірибесі», «Мектептегі мансаптық білім: саналы кәсіби бағдар», «Жастардың мамандық таңдау процесі: аймақтық ерекшеліктер мен қысымдар» тақырыбында өрбіді.
Мамандық таңдаудағы жаһандық құзыреттер, өңірлік еңбек нарығы және математикалық сауаттылықтың рөлі көтерілді.
Конференция соңында модераторлар нәтижелерді қорытындылап, қатысушыларға сертификаттар табыстады. Сонымен қатар дөңгелек үстел мен «Карьерный навигатор» атты кәсіби ойын ұйымдастырылды.