Атырауда алғаш рет әкелер мен ұлдар марафоны өтті

Атырауда алғаш рет әкелер мен ұлдар марафоны өтті

Атырауда Облыстық білім беру басқармасының «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасы аясында алғаш рет әкелер мен ұлдар арасында жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Оған облыс мектептерінде білім алатын 250 оқушы мен олардың әкелері қатысты.

Марафоншылар сенбі күні таңмен №38 орта мектептің алаңына жиналды. Бойды қыздырар әуен, эмоцияға толы жаңа таныстық жарысқа қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Оларға облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева сәттілік тіледі.

Марафоншылар 3 және 5 шақырымдық қашықтықта бақ сынады. Бірінші болып әкелі балалы 216 номерлі - Аташов Еркебұлан мен Николай Дінмұхаммед мәре сызығына жетті. Николай Дінмұхаммед "Достық" мектебінің 11сынып оқушысы.Спортты жанына серік еткен ол бүгінде облыстық, республикалық марафондарға қатысып жүр. Ал, әкесі Еркебұлан Аташов 2021 жылдан бері марафонға қатысады.

Екінші орынды №150 әке Болат Мұқашев иеленді. 2017 жылдан бері марафонға қатысып жүрген әке өз ұлына үлгі. Баласы Жұмабай Ибрагим бүгін бірінші рет қатысып, үздік ондықтан көрінді. Ал, 3-ші болып №105 әке Рысбек Төралиев келді, ал ұлы мәре сызығын 11-ші болып кесіп өтті.

Ұлдар арасындағы 2-орынды Әлім Кушкалиев, 3-орынды Асылжан Салық иеленді. Марафонның жүлде қоры 600 мың теңгені құрады. Барлық қатысушыларға медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды.