
Бүгін Атырау облысы Білім беру басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында іске асырылып жатқан «Ұрпағыңмен мың жаса!» жобасы басталды.
Аталған жоба — әке мен бала арасындағы байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және отбасылық тәрбиенің маңызын арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Бүгін облыс орталығынан аттанған жорыққа басқарма басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева сәттілік тіледі.
- Жоба аясында Атырау – Сарайшық бағытында салт аттылар жорығы басталды. Шараға облыс орталығынан және аудандардан келген 20 әке мен ұлдары қатысуда. Жорық екі күнге жалғасады. Қатысушылар жол бойында өлке тарихымен танысып, ғибратты ер-азаматтар өмірінен тағылымды деректерді арнайы гидтердің көмегімен тыңдайды, деді Л.Меңдіғалиева.
Ертең жорық бағдарламасы аясында ұатысушылар ұлттық ойындарда бақ сынайды. «Ұрпағыңмен мың жаса!» жобасы — ұрпақтар сабақтастығын сақтап, әке тәрбиесінің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде жалғасын табады.