
Атырау энергетика және құрылыс колледжінде «Өндіріс пен колледж арасындағы серіктестікті нығайту – сапалы кадр дайындау кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара аясында Қазақстан Құрылысшылары Одағы мен Атырау облысындағы алты колледж арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат оқу орындары мен аймақтағы кәсіпорындардың арасындағы өзара байланыс пен студенттердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, сондай-ақ еңбек нарығы талаптарына сай мамандар дайындауға бағытталған.
«Біздің мақсатымыз — жұмыс берушілер мен болашақ мамандарды біріктіру, жастардың еңбек мамандықтарына қызығушылығын арттыру және өндірістік практикадан өтуге жағдай жасап, кейіннен жұмысқа орналастыру», — деді Қазақстан Құрылысшылары Одағының Атырау филиалының директоры Эльдар Мұқанбетжанов.
Атырау Энергетика және құрылыс колледжінің директоры Тұхфатолла Джұмағазиев колледждер мен кәсіпорындардың ынтымақтастығы студенттерді қазіргі заман талабына сай маман ретінде даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазіргі таңда колледжде 1156 студент білім алуда. Оқу орны келешекте мамандықтар аясын кеңейтіп, сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашуды жоспарлап отыр: сәулетші, жиһазшы, геодезист, картография және автоматтандыру бойынша маман, жылу электр станцияларының жылу энергетикасы инженері.