«Тәрбие – ортақ іс»: отбасылық құндылық пен тілге құрмет насихатталған кездесу

«Тәрбие – ортақ іс»: отбасылық құндылық пен тілге құрмет насихатталған кездесу

Атыраулық педагогтер мен ата-аналар ерекше мотивацияға толы кездесуге қатысты. Олар «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазымен кездесті.

Жиынның модераторы басқарма басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева жиынға қатысушыларға спикерді таныстырып, қошеметпен сахна төріне шақырды.

Кездесуде отбасы құндылықтарын сақтау, бала тәрбиесі, тілге құрмет көрсету, оның қолдану деңгейін арттыру тақырыбында әсерлі әңгіме айтылды. Оразкүл Асанғазы 100-ге жуық қатысушыға ерекше мотивация берді. «Отбасы мықты болса - мемлекет те мықты болады… Тіл мен дәстүр – ұлттың рухани тірегі» екенін жеткізді.

Шәкәрім, Абай, Мәшһүр Жүсіптің құнды сөздерінен мысалдар келтіріп, олардың даналық ойларын қазіргі қоғаммен байланыстыра отырып, астарын түсіндірді. Өзінің өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, балаларды тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлін нақты көрсетті. 

Оразкүл Асанғазының пікірінше, баланың тәрбиесі тек мектептің мойнында емес. Оған әр отбасы, ата-ана тікелей жауапты. Сонымен қатар, балаға жақсы мінез ортасы арқылы да қалыптасатынын жете түсіндірді. Кездесуге қатысқандар жақсылық жақсы ойлаудан, жақсы сөйлеуден, жақсы мінез қалыптастырумен келетінін тағы бір мәрте естіп, өз өмірлеріне рухани сабақ алып тарқасты.