Инклюзивті білім – басым бағыт: жаңа тәсілдер мен болашақ мүмкіндіктер

Инклюзивті білім – басым бағыт: жаңа тәсілдер мен болашақ мүмкіндіктер

Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуовтың қатысуымен өткен жиында облыстағы инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.

Қатысушылар жақында Алматыда өткен Инклюзивті білім беру жөніндегі халықаралық конгресстен алған тәжірибелерімен бөлісіп, оны облыста жүзеге асыру тетіктерін ортаға салды.

- Атырау облысында ерекше білімді қажет ететін 6717 бала бар. Оның 5383-і психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Яғни, бұл көрсеткіш 80 пайызды құрайды, енді жыл соңына дейін 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 19 арнайы білім беру мекемесінде 263 педагог еңбек етеді, деді М.Абуов.

Басқарма басшысы ерекше балаларға арналған білім беру саласын дамытуға мүмкіндік беретін бірқатар тың жобалар туралы айтты.  Педагогтарды арнайы дайындау және қоғамда ерекше балаларды қабылдау мәдениетін қалыптастыру сияқты нақты қадамдарды ұсынып, ерекше балалардың қоғамнан шеттетілмей, толыққанды дамуына жағдай жасау, ата-аналарымен тығыз байланыс орнату, олардың әлеуетін зерделеу, сондай-ақ баланың бауырлары мен достары арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, оларды ерекше оқушыға қамқорлық көрсетуге дайындау қажеттігін де айтты.

Инклюзивті білім – бұл тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мақсат – әр балаға тең мүмкіндік беру және ерекше балалардың әлеуетін толық ашу.