Жаңа тамақтану стандартының енгізілу барысы талқыланды

Жаңа тамақтану стандартының енгізілу барысы талқыланды

Атырау қаласындағы №1 М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін пилоттық мектепте «Жаңа тамақтандыру стандарттарының талаптарын іске асыру» тақырыбында озық тәжірибе алмасу семинары өтті.

Шараға бірнеше білім беру ұйымының басшылары, мектеп асханаларының жұмысын жүргізіп отырған кәсіпкерлер мен медицина мамандары қатысып, оқушыларды сапалы және теңгерімді тамақтандыру мәселелерін талқылады.

Семинардың мақсаты – мектептерде балалардың жас ерекшелігіне сай пайдалы, сапалы және қауіпсіз тағаммен қамтамасыз етуді жетілдіру, тамақтандыру стандарттарын біріздендіру.

Семинар барысында мектеп асханаларында берілетін тағам сапасын бағалау, мәзірдің құрамын дұрыс қалыптастыру, тағам қалдықтарын есептеу индексін («индекс несъедаемости») анықтау әдістемесі таныстырылды.

Семинарға қатысқан Атырау облыстық Білім беру басқармасы бөлімінің бас маманы Қадыржан Сапаров 2025-2026 оқу жылында облыстағы 225 білім беру ұйымында 72 412 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіндігін айтты.  

«Барлық білім беру ұйымдарына Денсаулық сақтау басқармасымен бекітілген, жаңа тамақтану стандартына сай әзірленген ас мәзірлері қолданысқа енгізілді.1 балаға шаққанда тамақтандырудың орташа құны 1-4 сыныптарға 720 теңге,  5-11 сынып оқушыларына 908 теңгені құрайды. Биылғы жылы тамақтану бағасы азық-түлік инфляциясын ескере отырып, 600 ден 720 теңгеге ұлғайтылды.  Барлық білім беру ұйымдарында 100% бракераж комиссиялары құрылған, олардың қатысуымен қыркүйек айынан бастап 1350 мониторинг өткізілді. 120 білім беру ұйымына «Alaqan mektep» сервисі, 60 білім беру ұйымына «Nomad school 2.0.» сервисі қондырылды. Аталған сервистер мектепке қауіпсіз кіріп-шығуды, тамақтануды есепке алады, -деді Қ.Сапаров.

Айта кетейік, қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында ыстық тамақтың сапасын бақылау мақсатында облыстық ведомствоаралық сараптамалық топ мониторинг жүргізуде.

Жаңа тамақтану стандарты негізінде өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, жеткізушілерге, кәсіпкерлер мен мектеп әкімшіліктеріне 9 оқыту семинары ұйымдастырылды.