Жергілікті бюджет есебінен атыраулық балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Түркістан облысында орналасқан «Көктебе» лагерінде 150 оқушы және Орал қаласындағы «Атамекен» жазғы сауықтыру лагерінде 80 оқушы демалуда.
Жалпы, жазғы кезеңде 500 оқушыны сауықтыру демалысымен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 230 бала табиғат аясында тынығып, танымдық, спорттық және мәдени бағдарламаларға қатысып жатыр. Тамыз айының соңына дейін жоспар толық орындалып, барлық 500 оқушы жазғы демалыспен қамтылады деп күтілуде.
Мақсат – оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды өткізу, денсаулығын нығайтуға және тұлғалық дамуына жағдай жасау. Лагерьлерде балалар үшін түрлі үйірмелер, спорттық жарыстар, шығармашылық және зияткерлік ойындар ұйымдастырылған.
Жазғы сауықтыру іс-шаралары білім беру басқармасының тұрақты бақылауында.