Республикалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жұмажан Кәмкенұлы Жүкенов Атырау облысына жұмыс сапарымен келді

Республикалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жұмажан Кәмкенұлы Жүкенов Атырау облысына жұмыс сапарымен келді
Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Республикалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жұмажан Кәмкенұлы Жүкенов аймақтың білім беру ұйымдарының басшыларымен және облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында ардагерлер қозғалысын дамыту, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарға патриоттық тәрбие беру және білім беру саласындағы ардагерлердің рөлін арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына ықпал ететін тетіктер жөнінде пікір алмасты.
Кездесуге Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Әбуов Марат Әлменұлы қатысып, білім берудің өзекті мәселелері бойынша мазмұнды баяндама жасады. Ол өңірдегі білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы, мұғалімдердің кәсіби дамуы, оқу үдерісін цифрландыру және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен мәлімет берді.
Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бастамасымен ардагерлерді ұлықтау рәсімі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Министрдің атынан құрмет көрсетіліп, білім саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар ардагерлерге алғыс білдірілген болатын. Осыған дейін Ғани Бейсембаев ардагерлермен жеке жүздесіп, олармен ашық пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Жұмажан Кәмкенұлы өз сөзінде ардагерлердің ел дамуындағы айрықша орнын атап өтіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен даналығы бүгінгі жас ұрпақ үшін баға жетпес мұра екенін жеткізді. Кездесу қорытындысында қатысушылар өзара ынтымақтастықты жалғастырып, бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін білдірді.