Сағыз ауылында өнер сүйер қауым үшін қуанышты жаңалық орын алды.
Ауыл халқы көптен күткен маңызды оқиға – Аманбай Өміров атындағы балалар өнер мектебі мен Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараттарының салтанатты ашылуы өтті.
Шараға ауыл тұрғындары, ардагер ұстаздар, өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары, облыс және аудан басшылығы қатысты. Мектеп алды мерекелік безендірумен көмкеріліп, көк-сары шарлармен әсемделді. Өнер мектебінің оркестрі орындаған күйлер мен ұлттық «Шашу» биі шараның көркін аша түсті.
Аманбай Өміров атындағы өнер мектебі 1977 жылы ашылған. Бүгінде 12 бөлім бойынша 245 оқушыны 21 ұстаз өнерге баулып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап келеді.
Бұл білім ордасынан шыққан түлектер республикалық және халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ел мерейін үстем етіп жүр. Олардың қатарында Дина Нұрпейісова атындағы академия мен еліміздің түрлі музыка мекемелерінде еңбек етіп жүрген өнерпаздар бар.
Жаңа ғимарат заман талабына сай жабдықталған: аспап сыныптары, дыбыс жазу студиясы, акт залы, қолөнер және сурет кабинеттері қарастырылған. Бұл балалардың өнерге деген ынтасын арттырып, сапалы білім алуына мол мүмкіндік береді.
Жастар ресурстық орталығы да жастар үшін маңызды алаң болмақ.
Қазіргі таңда Сағыз ауылында 3387 жас тіркелген.
Жаңа орталық олардың шығармашылығын дамыту, құқықтық және психологиялық кеңес беру, семинар-тренингтер өткізу секілді бағыттарда жұмыс істейді.
Салтанатты шара барысында Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Марат Әлменұлы, аудан әкімі Қанат Қадыржанұлы және ардагер ұстаз Күләш Дүйсенғалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі.
Бұл игі іс ауылдың мәдени дамуына серпін беріп, жас буынның болашағына жарқын жол ашады деген сенім мол.