Атырауда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған «WorldSkillsAtyrau — 2025» чемпионатының негізгі кезеңі басталды. Қатысушылар бүгіннен бастап облыстық Көрме орталығы, 10 колледждің базасы, өндіріс орындары, өрт сөндіру пункттері және мектептерде түрлі құзыреттіліктер бойынша тапсырмалар орындауда.
Қатысушылар арасында дәнекерлеу ісі, веб-дизайн, шаштараз өнері, аспаздық, электр монтажы, көлік жөндеу, графикалық дизайн, ІТ-жүйелер, құрылыс, медицина және басқа да бағыттар қамтылған.
Графикалық дизайн құзыреттілігі бойынша бас сарапшы Ерасыл Бағытжан биылғы чемпионаттың маңыздылығына тоқталып өтті:
– Мен бұл чемпионатқа бұған дейін қатысушы ретінде бақ сынаған болатынмын. Республикалық және халықаралық кәсіби байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атандым. Бүгінгі жарыстың басты мақсаты – жастардың жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру, заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауға үлес қосу, - деді Е.Бағытжан.
Чемпионат Атырау облысында оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Осыған орай биылғы іс-шараның ауқымы кеңейіп, жаңашылдықтармен толықты.
Атырау облыстық білім беру басқармасының бас маманы Орынгүл Нысанбаева чемпионаттың ерекшеліктеріне тоқталды:
– Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында чемпионатқа екі жаңа құзыреттілік қосылды. Алғаш рет студенттер өндіріс орнында — «Жылыой мұнай-газ» компаниясының базасында сынға түсуде. Ол жерде қатысушылар «Жергілікті магистралдық және желілік құбырларды монтаждау» және «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» құзыреттіліктері бойынша тапсырмалар орындап жатыр, - деді О.Нысанбаева.
Үш күнге жалғасатын кәсіби дода 29 мамырда аяқталады. Жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алып, үздік қатысушылар арнайы марапаттарға ие болады.
Еске салайық, чемпионатқа Атырау облысының 20 колледжінен 170-тен астам студент қатысып, 44 құзыреттілік бойынша өзара бақ сынауда.