"Жүректерге жылу сыйлаған өнер кеші"

"Жүректерге жылу сыйлаған өнер кеші"
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Облыстық арнайы мектеп-интернатының ұйымдастыруымен ерекше әрі әсерлі шара – «Бүгінгі мектеп түлегі, Боламыз Отан тірегі» атты ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар мен мектеп түлектерінің шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті.
Бұл кеш – тек өнер мерекесі ғана емес, баршаның жүрегіне үміт пен сенім ұялатқан рухани оқиға болды.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған кеште ерекше білім алатын өнерлі оқушылар өздерінің табандылығы мен дарынын, өмірге деген құштарлығын өнер арқылы паш етті. Әрбір өнер туындысы – көрермен жүрегіне жол тапқан шабыт пен сенімнің белгісіндей әсер қалдырды.
Кеш барысында көпшіліктің ықыласына бөленген ерекше сәттердің бірі – халықаралық парадзюдо чемпионатының қола жүлдегері Құралова Айназдың және Ұлттық Дельфий ойындарының алтын жүлдегері Қайдар Жұлдыздың сахна төрінде қазақ және ағылшын тілдерінде шырқаған әсерлі әндері болды. Бұл – тек өнер ғана емес, оқушылардың, ата-аналардың, ұстаздардың ұзақ жылдық еңбегінің, сенімі мен үмітінің жемісі екендігі анық.
Шараға облыстық Білім беру басқармасы мен әдістемелік орталық мамандары, ата-аналар, қоғам белсенділері қатысты. Олар балалардың өнеріне тәнті болып, ұйымдастырушыларға – Атырау облыстық арнайы мектеп-интернатының ұжымына зор алғыстарын білдірді.
Шара соңында мектеп-интернат директоры Л.Ж. Түлепова кешке атсалысқан барлық қатысушыларға алғысын жеткізіп, ерекше қолдау білдірген демеушілер мен мейірімді жандарға Алғыс хаттар табыс етті. Ол әр бала – қайталанбас әлем екенін, сол әлемге мейіріммен жол көрсеткен жандардың еңбегі ерекше екенін атап өтті.
Бұл кеш – қатысушыларға өмірдің шынайы мәнін ұғындырған, жүрекке жылу, көңілге сенім сыйлаған ерекше рухани тәжірибе болды. Ерекше балалардың әрбір жетістігі – адам рухының мызғымас беріктігін көрсеткен нақты мысалға айналды.