Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға арналған облыстық семинар-кеңес өтті

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға арналған облыстық семинар-кеңес өтті
Атырау қаласында 2025 жылдың жазғы кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға білім беру, өрт және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, құқық қорғау және дін саласы бойынша тиісті басқарма өкілдері қатысты.
Семинардың ашылуында Атырау облысы Білім беру басқармасының бөлім басшысы Дулат Болатбекұлы сөз сөйлеп, 2024 жылғы маусымда ерекше белсенділік танытып, балаларға мазмұнды, қауіпсіз демалыс сыйлаған бірқатар ұстаздар мен мектеп басшыларына басқарма басшысының алғыс хатын табыстады.
Семинар барысында санитариялық, құқықтық және қауіпсіздік талаптары, балалар құқықтарын қорғау, интернет пен діни идеологияның жасөспірімдерге әсері сынды өзекті тақырыптарда баяндамалар оқылды.
Сонымен қатар, тәжірибелік алаң шеңберінде мектеп жанындағы лагерьлер жұмысы, этнолагерьлер ұйымдастыру, спорттық туризм мен өлкетану бағытындағы әдістер бойынша спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар қорытындысында қатысушылар алдағы жазғы маусымға тың идеялармен, сапалы дайындықпен кірісу керектігін атап өтті. Шара балаларға қуаныш сыйлауды басты мақсат еткен барлық ұстаздар мен ұйымдастырушыларға үлкен шабыт пен серпін берді.