Атыраулық оқушылар республикалық олимпиададан жүлдемен оралды

Атыраулық оқушылар республикалық олимпиададан жүлдемен оралды
Атыраулық оқушылар республикалық олимпиададан жүлдемен оралды
18-21 мамырда Астанада жалпы білім беретін пәндер бойынша 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтті. Зияткерлік жарысқа облыстан 22 оқушы қатысты.
Білім додасына еліміздің түкпір-түкпірінен үздік оқушылар қатысып, өз білімдерін сынады. Атырау облысының намысын қорғауға барған 22 оқушының 14-і жүлделі орынға ие болып, жетістікке қол жеткізді. Атап айтсақ, биология пәні бойынша Несібе Аманжол І орынды иеленсе, қалған қатысушылар ІІ, ІІІ орынды қанжығалады.

Сайысқа география пәні бойынша қатысып, ІІІ орынды иелендім. Бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Алдағы уақытта одан да үздік нәтижелерге қол жеткіземін деген үміттемін,- деді олимпиада жүлдегері Мақсат Сәрсенов.

Облыс намысын қорғаған жас зияткерлер математика, жаратылыстану, тарих, әдебиет пәндері бойынша білімдерін ортаға салды.

- Бұл дода мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ондағы ерекше атмосфера мен жаңа достар бізге керемет әсер қалдырды. Мен үшін бұл олимпиада — білім жолындағы үлкен жетістік,- деді олимпиада қатысушысы Айзере Мұзафар.

Қатысушылар командалық есеп бойынша жүлделі ІІ орынды облыстың қанжығасына байлады.