Атырау облысында аграрлық секторды дамыту және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру мақсатында өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидаларға сәйкес www.gosagro.kz интернет-порталы арқылы рәсімделеді.
Қолдау бағыттары мен 2024 жылғы нәтижелер:
1. Агрохимикаттарды субсидиялау:
Минералдық тыңайтқыштар, гербицидтер мен пестицидтерді сатып алуға кеткен шығындарды өтеу мақсатында 52 өтінім мақұлданып, 40,4 млн теңге көлемінде субсидия төленді.
2. Тұқым шаруашылығын қолдау:
Элиталық және бірінші репродукциялы тұқымдарды субсидиялау шеңберінде 3 өтінімге 2,7 млн теңге бөлінді. Бұл тұқымдар өңірге ұсынылған және мемлекеттік тізілімге енгізілген.
3. Су ресурстарын тиімді пайдалану:
•Суармалы суды төлеуге арналған субсидиялар;
•Тамшылатып суару жүйелерін енгізу және кеңейту бойынша 20 шаруа қожалығына 170 млн теңге;
•Су жеткізу шығындарын өтеу үшін 46 шаруа қожалығына 103,5 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
4. Инвестициялық субсидиялар:
•Жылыжай кешендерін салу мен кеңейту бойынша 1 жобаға 214 млн теңге бөлінді;
•Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 130 шаруа қожалығына 332,4 млн теңге субсидия берілді;
•Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу объектілерін жаңғыртуға қолдау көрсетілді.
5. Энергия шығындарын өтеу:
Жылыжай өндірісінде пайдаланылатын электр энергиясы мен газға кеткен шығындар ішінара субсидияланады. Бұл шара өндіріс шығындарын азайтып, агробизнес үшін тартымды жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Ал осы жылы Атырау облысында егін шаруашылығына қатысты 5 бюджеттік субсидиялау бағдарламасына жергілікті бюджеттен 465,5 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы келесі бағытарға арналған:
•Су жеткізу қызметі шығындарының құнын субсидиялау – 345,6 млн теңге;
•Минералдық тыңайтқыштардың құнын субсидиялау – 75,1 млн теңге;
•Пестицидтердің құнын субсидиялау – 5,4 млн теңге;
•Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау – 19,9 млн теңге;
•Басым дақылдарды субсидиялау – 19,3 млн теңге.
Бүгінге дейін минералдық тыңайтқыштар құнын аванстық субсидиялау бойынша 41,4 млн теңге төленді.
Аталған қолдау шаралары өңірдегі өсімдік шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, фермерлердің өндірістік шығындарын азайтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға зор ықпал етуде.