Махамбет ауданында жылыжай шаруашылығы дамып келеді

Махамбет ауданында жылыжай шаруашылығы дамып келеді
 
Жас кәсіпкер Қосаман Бөлекқали Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында 1000 шаршы метр аумаққа жылыжай салып, қиярдан мол өнім алып отыр. Бүгінде жылыжай ішінде қызу жұмыс жүруде. Сәуір айында өнімді жинап, аудан тұрғындарына ұсынбақшы.
Қосаманның әкесі де 10 жылға жуық егін шаруашылығымен айналысқан. Жылыжай бизнесін 2015 жылы қолға алып, отбасылық кәсіптің көзін тапты.
 
- Атадан балаға жалғасып келе жатқан атакәсібіміз десек те болады. Жылыжай жұмысы көзге оңай көрінгенімен, меңгеру оңайға соқпайды. Күш-жігер, білім, ізденіс, ниет қажет. Басты мақсатымыз — аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз ету. Қиярдың голландиялық “Северин” деп аталатын сортын егеміз. Өнім 40-45 күнде пісіп-жетіледі. Жуырда ауданның дүкен сөрелерінен табылады деп сенемін,- дейді Қ.Бөлекбай.
 
Жас кәсіпкер “Orle” жобасына қатысып, көкөніс өсірудің жаңа дағдыларын, шағын бизнесті жүргізудің қыр-сырын меңгеру арқылы қаражатқа ие болған. Жобаны Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) "Шелл Қазақстан" компаниясы қолдаған.
 
— Алдағы жоспарымыз - жылыжайдың санын көбейтіп, сапасын жақсарту. Сонымен қатар өзге де жылыжай шаруашылығымен айналысып отырған шаруалармен тәжірибе алмасқымыз келеді. “Оrle” жобасына қатысу арқылы түрлі курстан өттік. Қиярды баптау, жылыжайдың қалыпты температурасын реттеу сынды теориялық сабақтарды практикада қолданып көрдік. Тағы бір айта кететін жайт, шағын жылыжай иелері бірігіп кооператив құруды да ойлап қойдық. Бұл - жауапты жұмыс. Сондықтан аудан кәсіпкерлерін, кәсіпке икемі бар азаматтарды жылыжай салуды қолға алуға шақырамын,- дейді кәсіпкер.
 
“Orle” жобасының “Көкөніс өсіру” бағыты бойынша кемінде 6 соттық ауданы бар жер учаскесі немесе үйдің ауласында жылыжай орнатуға еркін орны болуы, судың қолжетімділігі талаптар қойылады. Талап үдесінен шыға білген кәсіпкерге серіктестер қолдау көрсетеді. Бұл жоба Махамбет және Мақат аудандарында ғана жүзеге асып отыр.