Атырау облысының мал шаруашылығы мен ветеринария саласының мамандары жоғары марапатқа ие болды

Атырау облысының мал шаруашылығы мен ветеринария саласының мамандары жоғары марапатқа ие болды
 
Кәсіби мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде мал шаруашылығы және ветеринария саласының үздік мамандарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Мемлекет басшысының еңбек адамдарына көрсетіп отырған қолдауы мен құрметінің айқын көрінісі болған шарада Атырау облысының бірқатар сала мамандары мемлекеттік марапатқа ие болды.
 
Атап айтқанда, Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында мал шаруашылығымен айналысатын Асқар Төремұратұлы және Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында ұзақ жылдар бойы шопан болып еңбек етіп келе жатқан Аманжол Есеналиев «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, Индер ауданы Өрлік ауылдық ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Аманжан Батырғалиев көпжылдық адал еңбегі мен ветеринария саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды.
 
Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.
 
– Сіздердің еңбектеріңіз үлкен жауапкершілік пен іске адалдықты талап етеді. Қажырлы қызметтеріңіздің арқасында елімізде эпизоотиялық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, мал басы сақталып, азық-түлік қауіпсіздігі нығая түсуде. Мал шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосып, жас мамандарды тәрбиелеуге еңбек сіңірген сала ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін, – деді министр.
 
Атырау облысының еңбекқор шопандары мен ветеринария саласының мамандарына көрсетілген бұл жоғары құрмет – олардың кәсібіне деген адалдығы мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегінің лайықты бағасы.