Атырауда «Қазыналы Каспий – 2026» халықаралық форумы басталды

Атырауда «Қазыналы Каспий – 2026» халықаралық форумы басталды
«Қазыналы Каспий – 2026» халықаралық форумы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында айқындалған міндеттер аясында ұйымдастырылуда. Форумның басты мақсаты – облыстың табиғи ресурстарын тиімді пайдалану, су айдындарының байлығын сақтау және балық өнімдерінің сапасын арттыру.
 
Іс-шара балық шаруашылығы мен аквамәдениетті дамытуға, салаға инвестиция тартуға, сондай-ақ Каспий маңы елдері – Ресей, Иран және Әзербайжан арасындағы ғылыми әрі салалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар форум гастрономиялық туризмді дамыту мен өңірдің әлеуетін танытуға мүмкіндік береді.
Балық шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, экологиялық тепе-теңдікті сақтауда және экономиканың маңызды салаларын дамытуда ерекше орын алатын бағыттардың бірі.
 
Іс-шара аясында Каспий маңы мемлекеттерінің ғалымдары мен сала мамандарының қатысуымен халықаралық форум және дөңгелек үстел өткізіліп, балық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланады.
Сонымен қатар бағдарламаға Жайық өзенін бекіре тұқымдас балық шабақтарымен толықтыру акциясы, кеме шеруі, кәсіби балықшылар жарысы, аспаздар сайысы, балық өнімдерінің жәрмеңкесі және балаларға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар енгізілген.
 
Қазіргі таңда облыста тауарлы балық өсіру бағытында 6 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Сондай-ақ 16 кәсіпорын балық аулау және өңдеу қызметімен айналысады.
 
Өткен жылы өңірде 405 тонна тауарлы балық өсіріліп, оның ішінде 69 тоннасы бекіре тұқымдас балық болды. Бұдан бөлек, 1 120 келі тағамдық уылдырық өндіріліп, 5 млн бекіре шабақтары Жайық өзеніне жіберілді. Табиғат пайдаланушы мекемелер тарапынан 9 086 тонна балық ауланып, балық және балық өнімдері экспортқа шығарылды.
 
Форум Каспий маңы елдерінің тәжірибе алмасуына, ғылыми байланыстарын нығайтуға және балық шаруашылығы саласының тұрақты дамуына жаңа серпін береді.