Облыс әкімі орынбасарының қатысуымен балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды

Облыс әкімі орынбасарының қатысуымен балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды
Атырау облысында балық шаруашылығын дамыту жаңа қарқын алып отыр. Өңірде бұл бағыттағы жобаларды кеңейту мәселесі облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Жиынға ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, Дамбы ауылдық округі әкімдігі, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері және сала мамандары қатысты.
 
Кездесуде «PROtection» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралып, жергілікті кәсіпкерлердің балық өсіру саласындағы бастамаларын қолдау тетіктері нақтыланды.
 
Айта кетейік, Дамбы ауылдық округінен 100 гектар жер телімі бөлініп, барлық құжаттары рәсімделген. Бұл – өңірде балық өсіру жобаларын нақты іске асыруға жол ашатын маңызды қадам.
Жиында инфрақұрылымды дамыту, экологиялық рұқсаттарды рәсімдеу және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері негізгі назарда болды. Әсіресе, агроиндустриалдық аймақтың әлеуетін арттырып, шағын жобалармен қатар ірі инвестициялық бастамаларды да қамту қажеттігі атап өтілді.
 
Мамандардың дерегінше, 2025 жылы облыстағы балық шаруашылығы жобалары 1,55 млн текше метр су жинап, 1,26 млн текше метрін пайдаланған. Бұл көрсеткіш саланың жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді.
Қазір балық шаруашылығына бөлінген су лимиті аясында жаңа жобаларды тиімді жоспарлау және ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
 
Сонымен қатар, тоған шаруашылығына қатысты экологиялық талаптарды жүйелеу, келісімшарттық міндеттемелерді нақтылау және жобаларды іріктеу тетіктерін жетілдіру қолға алынған. Агроиндустриалдық аймақта кәсіпкерлер үшін арнайы келісімшарт үлгісі әзірленді.
 
Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге балық шаруашылығын дамыту жұмыстарын жеделдету және жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.