
2026 жылғы 31 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында Алматы қаласында «Ядролық физика институты» РМК-ның Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының базасында «Ядролық объектінің физикалық қорғау жүйесін жобалау және конфигурациялау» тақырыбында оқу курсы өткізілді.
Іс-шара «Бірлескен қауіп-қатерді азайту» бағдарламасы шеңберінде АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту агенттігінің және Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің (бұдан әрі – Комитет) қатысуымен ұйымдастырылды.
Оқу курсына Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдары мен атом саласының өкілдері, атап айтқанда: Комитеттің, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК-ның, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК-ның, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ның, «Үлба-ТВС» ЖШС-нің, «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС-нің және «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің мамандары қатысты.
Курстың негізгі мақсаты – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің стандарттарына сәйкес жобалық қауіп-қатерді әзірлеу және физикалық қорғау жүйесін конфигурациялау, ішкі және сыртқы қауіп-қатер мәселелерін, ядролық объектілердің осалдықтарын бағалау үдерісін, сондай-ақ тәуекелдер мен салдарларды бағалау үдерісін зерделеу бойынша мамандардың біліктілігін арттыру.
Курс барысында гипотетикалық ядролық объектіні пайдалана отырып, әртүрлі практикалық жаттығулар өткізілді. Жаттығулар барысында физикалық қорғау жүйесінің сипаттамалары, ену ықтималдығы мен мүмкіндігі, сондай-ақ қауіп-қатер мен тәуекел арасындағы өзара байланыс қарастырылды.
Оқу курсын өткізу мамандардың кәсіби құзыреттілігін одан әрі арттыруға және еліміздің ядролық қондырғыларының ядролық физикалық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге ықпал етеді.
Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар теориялық білімдерін жетілдіріп, халықаралық стандарттар бойынша білімдерін кеңейтті, ядролық физикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша АҚШ тәжірибесімен танысты және оқу курсын аяқтағаны туралы сертификаттарға ие болды.