
2026 жылғы 10 маусымда Алматыда ТМД – ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясының 27-ші отырысы өтті. Іс-шараға Достастық мемлекеттерінің мемлекеттік органдарының, ғылыми ұйымдарының және атом саласы кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Отырыс шеңберінде атом энергетикасын, ядролық медицинаны дамыту, ғылыми зерттеулер, кадрлар даярлау, атом энергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздікті реттеуді жетілдіру, сондай-ақ атом саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қазақстан тарапының Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі құзыреттердің өңірлік кеңесін құру жөніндегі бастамасы болды.
Бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде өткен "Орталық Азия – Ресей" екінші саммиті барысында ұсынды.
Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин сөз сөйледі. Ол кеңес құру халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және уран мұрасы объектілерін оңалту саласында келісілген тәсілдерді әзірлеу үшін орнықты өңірлік сараптамалық-үйлестіру платформасын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Кеңес қызметінің негізгі бағыттары радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің және уран мұрасы объектілерін оңалтудың келісілген тәсілдерін әзірлеу, радиоактивті қалдықтарды басқарудың ұлттық жүйелерін дамытуға жәрдемдесу, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе және ақпарат алмасу, сондай-ақ мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру болады.
Алматыда отырыс өткізу ТМД мемлекеттерінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми-техникалық өзара іс-қимылды дамытуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің озық тәжірибелерін енгізуге деген ұмтылысын растайды.