Атомдық қадағалау және бақылау комитеті Қазақстандағы АЭХА кепілдіктері мәселелері бойынша отырыс өткізді

Атомдық қадағалау және бақылау комитеті Қазақстандағы АЭХА кепілдіктері мәселелері бойынша отырыс өткізді

2026 жылғы 13–14 сәуірде Астана қаласында Қазақстандағы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) кепілдіктерін қолдану мәселелері бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Іс-шараға АЭХА өкілдері мен Қазақстан Республикасының ядролық қондырғыларының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындаудың өзекті мәселелері, сондай-ақ кепілдіктерді қолдану шеңберінде АЭХА-мен өзара іс-қимылдың практикалық аспектілері қаралды. Қатысушылар жүргізілген инспекциялардың нәтижелерін, ядролық материалдарды есепке алу және бақылау мәселелерін, сондай-ақ ұлттық есептілік жүйесін жетілдіру шараларын талқылады.

Ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін енгізуге, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттардың талаптарын сақтауға ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану кезінде ашықтық, қауіпсіздік және жауапкершілік қағидаттарына адалдығын растады.

Отырыс нәтижесінде АЭХА-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ұлттық кепілдіктер жүйесін дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.