АЭС: қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер

АЭС: қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер

АЭС құрылысы туралы сөз болғанда, біз көбіне энергетика мәселесін талқылаймыз: станция қанша электр энергиясын өндіреді, қандай жүктемені қамтамасыз ете алады, оны пайдалану қаншалықты сенімді және қауіпсіз болады.

Алайда, менің ойымша, осындай ауқымды құрылыстың тағы бір маңызды қыры туралы жиірек айту қажет. Бұл – осындай ірі жобаның айналасында пайда болатын адамдар мен мүмкіндіктер.

Қазақстан атом энергетикасын нөлден бастап дамытып жатқан жоқ. Елімізде ғылыми мектеп, білікті мамандар, зерттеу орталықтары, сондай-ақ осы салада көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар бар. Жаңа АЭС құрылысы жинақталған тәжірибені пайдалануға және сонымен қатар жаңа құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мен «ҚАЭС» ЖШС-де жұмыс істеймін және ішкі процестерді көре отырып, «АЭС» деген сөздің артында қаншалықты ауқымды міндеттер тұрғанын түсінемін. Бұл тек станцияның тікелей құрылысы ғана емес. Мұнда инженерлік ізденістер мен жобалау, жабдықтар және оларды жеткізу, сапаны бақылау, инфрақұрылым, болашақ персоналды даярлау, қауіпсіздік мәселелері, техникалық қызмет көрсету және пайдалану жұмыстары қамтылады.

Балқаш АЭС-інің құрылыс кезеңінде алдын ала бағалаулар бойынша 10 мыңға дейін адам жұмысқа тартылуы мүмкін. Станция пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 2 мың тұрақты қызметкер қажет болады.

Бұл жерде әңгіме тек ядролық физиктер немесе энергетика саласының инженерлері туралы емес екенін түсіну маңызды. Жобаның әртүрлі кезеңдерінде құрылысшылар, монтажшылар, дәнекерлеушілер, механиктер, автоматика, электр энергетикасы, цифрлық технологиялар, сапаны бақылау, еңбекті қорғау және жабдықтарға қызмет көрсету салаларының мамандары қажет болады.

Жас маман үшін бұл өте қарапайым нәрсені білдіреді – сұранысқа ие мамандық алып, бірнеше жылға ғана емес, ондаған жылдарға есептелген жобада жұмыс істеуге мүмкіндік пайда болады.

Тағы бір маңызды мәселе – отандық бизнес.

Ірі нысан көптеген тауарлар мен қызметтерді қажет етеді. Бұл – көлік және логистика, құрылыс материалдары, жабдықтарды өндіру және жөндеу, тамақтандыру, тұрмыстық және сервистік қызметтер. Осы міндеттердің бір бөлігін қазақстандық компаниялар атқара алады.

Бизнес үшін мұндай жобаға қатысу – сапаға, мерзімдерге және қауіпсіздікке қойылатын жоғары талаптар жағдайында жұмыс істеу тәжірибесін алудың мүмкіндігі. Кейбір кәсіпорындар үшін бұл өндірісті кеңейтуге, жаңа технологияларды игеруге және кейіннен басқа нарықтарға шығуға ынталандыру болуы мүмкін.

Жеке тоқталуды қажет ететін тағы бір мәселе – станция орналасатын аумақ.

Мұндай нысанды қоршаған инфрақұрылымнан бөлек салу мүмкін емес. Жолдар, байланыс, сумен жабдықтау, тұрғын үй, медициналық көмек, авариялық әрекет ету жүйелері қажет. Егер өңірге мыңдаған жұмысшы келетін болса, мектептерге, балабақшаларға, дүкендерге және қызмет көрсету саласына деген сұраныс артады.

Сондықтан АЭС құрылысы тек нысанның өзіне ғана емес, оның айналасындағы аумақтың дамуына да сөзсіз әсер етеді. Бұл жерде жергілікті халықтың тұрмысы қалай өзгеретінін және болашақта өңірге қандай инфрақұрылым қажет болатынын алдын ала түсіну аса маңызды.

Бүгінде кейінге қалдыруға болмайтын тағы бір мәселе – кадрлар даярлау.

Атом энергетикасы саласының маманын бірнеше айдың ішінде даярлау мүмкін емес. Мұнда бірнеше жылдық оқу мен практикалық дайындық қажет. Ядролық физика, энергетика, машина жасау, материалтану, автоматтандырылған басқару жүйелері, радиациялық және ядролық қауіпсіздік салаларының мамандары қажет болады. Сонымен қатар цифрлық технологиялар, деректерді талдау, робототехника және киберқауіпсіздік бағыттары да сұранысқа ие болады.

Сондықтан жастардың бүгіннен бастап атом энергетикасына қызығушылық танытуы – білім мен жауапкершілікке қойылатын талаптары ерекше жоғары салада жұмыс істеуге алдын ала дайындалудың мүмкіндігі.

2026 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасында атом саласының қызметкерлеріне арналған жеке бағыт жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ақпаратына сәйкес, жыл сайын 20 стипендия қарастырылған, оның ішінде халықаралық ұйымдарда тағылымдамадан өту мүмкіндігі де бар. Сонымен қатар білім беру бағдарламалары және шетелдік ғылыми әрі білім беру орталықтарымен ынтымақтастық жүзеге асырылуда.

Менің ойымша, бұл мүмкіндіктерді дәл қазақстандық мамандар пайдалануы маңызды. Себебі кез келген ірі технологиялық жобаның мәні оның тек салынуымен ғана шектелмейді. Ең бастысы – жоба жүзеге асқаннан кейін елде заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын және алған білімін келесі ұрпаққа бере алатын адамдар мен құзыреттердің қалуы.

АЭС-тің тағы бір ерекшелігі бар. Оны салу және пайдалану үшін әртүрлі мамандық иелерінің үлкен тобының өзара іс-қимылы қажет. Инженерлер, ғалымдар, құрылысшылар, өндіріс мамандары, энергетиктер, цифрлық жүйелер саласының мамандары – әрқайсысы өз жұмыс бағытына жауап береді, алайда түпкі нәтиже бүкіл жүйенің қаншалықты кәсіби жұмыс істейтініне байланысты.

Сондықтан мен АЭС-ті тек энергетикалық нысан ретінде қарастырмас едім.

Бұл – ауқымды кәсіби жоба.

Оның нәтижесі тек өндірілген электр энергиясының көлемімен өлшенбеуі тиіс. Қанша маман қажетті тәжірибе жинақтайды, қанша қазақстандық кәсіпорын жеткізілімдер мен өндіріс жұмыстарына қатыса алады, инженерлеріміз бен жұмысшыларымызда қандай құзыреттер қалыптасады, өңірдің инфрақұрылымы қаншалықты өзгереді – осының барлығы маңызды.

Ал ең бастысы – құрылыс аяқталғаннан кейін мұның бәрінен елде не қалады?

Егер біз өз мамандарымызды даярлап, отандық бизнеске жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік беріп, жұмыс істеудің жоғары стандарттарын қамтамасыз ете алсақ, онда АЭС-ті іске асыру тәжірибесі Қазақстанға бір ғана энергетикалық нысанның шеңберінен әлдеқайда кең ауқымда пайдасын тигізеді.

Сондықтан бүгінде жобаға тек оның ертең елге қанша электр энергиясын беретіні тұрғысынан ғана емес, оның қазірдің өзінде қандай кәсіби және технологиялық мүмкіндіктер қалыптастырып жатқаны тұрғысынан да қарау маңызды.

Азбергенов Мади Нұрбекұлы

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің Энергетика тобының жетекші инженері