Астана, 9 қыркүйек 2026 жыл. Астанадағы №26 мектеп-гимназиясында оқушылардың ғылыми сауаттылығын арттыруға бағытталған халықаралық «Атомдық диктант» ағартушылық жобасы өткізілуде. Іс-шара Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, Қазақстанның Ядролық қоғамы және Атом технологиялары ақпараттық орталығының қатысуымен ұйымдастырылып отыр.
Іс-шараның арнайы қонағы – Қазақстанның Ядролық қоғамы жанындағы Атом технологиялары ақпараттық орталығының директоры, информатика магистрі Сеит Әбеуханұлы Әлиев.
Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың ғылыми сауаттылығын арттыру, заманауи технологиялар туралы объективті түсінігін қалыптастыру және олардың нақты ғылымдарға деген қызығушылығын дамыту.
«Атомдық диктант» барысында оқушылар ядролық технологияларды бейбіт мақсатта қолдану, оның ішінде медицина, өнеркәсіп және энергетика салаларындағы мүмкіндіктері, экологиялық қауіпсіздік, сондай-ақ атом энергетикасын дамыту және атом электр станцияларын салуға қатысты мәселелер бойынша білімдерін сынайды.
Жоба мектеп бағдарламасына кіріктіріліп, физика, экология, жаратылыстану пәндері мен сынып сағаттары аясында өткізіледі.
Халықаралық «Атомдық диктант» акциясы 2026 жылғы 28 тамыз бен 28 қыркүйек аралығында өтуде. Жобаның осы кезеңге жоспарлануының да өзіндік мәні бар: акция 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне және 28 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Атом саласы қызметкерлері күніне орайластырылған. Бастама оқушылардың Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы тарихи рөлі туралы білімін кеңейтіп, атом энергетикасы мен заманауи технологиялардың маңызын тереңірек түсінуге ықпал етеді.